Новости

Меркі шипажайында облыстық дәрігерлер форумы өтті.

«Меркі шипажайы» жағдайында Ковид-19-дан кейінгі оңалту» тақырыбында індеттің алдын алу, одан кейінгі оңалту мәселелерін қозғаған облыс дәрігерлерінің басын қосқан форум өтті.

Екі күнге жалғасқан форумның алғашқы күнінде облыстың он ауданынан 20 дәрігер қатысса, екінші күнінде Тараз қаласы аумағындағы ірі емханалар өкілдері, білікті дәрігерлер қатысты.
Форумның өткізілуіне облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қолдау танытып, Басқарма басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов та арнайы іс-шараға келді.

Форумның алғысөзін «Меркі шипажайы» акционерлік қоғамының Бас директоры Серік Макажанов сөйлеп, елімізде індетпен ауырып, оның салдарынан әлі де денсаулығын түзей алмай жүрген азаматтардың көп екенін тілге тиек етті. Осы орайда Меркі шипажайында індеттен жазылып, оңалту емдерін алуға барлық мүмкіндік жасалғанын баяндады.

Шипажайда өкпесіне зақым келген науқастар тыныс жолдарын табиғи емдік шөптермен, таза ауға серуендеп, радон суымен, түрлі ванна қабылдау, суда жүзу, атпен серуен арқылы, т.б медицинада жақсы нәтиже көрсеткен тәсілдермен емдеу жүргізіледі.
Сонымен қатар мұнда аурудың басқа да түрлерінен ем алуға мүмкіндік бар.

Республика аумағында 173 шипажай бар болса, оның 143 қазіргі таңда жұмысын жалғастыруда. Осы ем алу орындарының рейтингісі бойынша Меркі шипажайы үздік ондықтың қатарында.

Пандемияның өршіп тұрған кезінде мұнда облыстық провизорлық орталық ретінде жұмыс жасап, сәуір—мамыр айларында 500—ден астам адамды қабылдаған. Барлықтары аман есен үйлеріне оралып, қызметкерлер арасында ауру жұқтырған жағдайлар тіркелмеген.
Міне осы кезде ауру адамдардың қандай қиыншылықтарға тап болғанын біздің шипажайдың қызметкерлері бастарынан өткізіп, оларды түсіне біліп, оңалту бойынша жұмыстарды жасауға бел будық.
Маңызы мен мақсаты зор форумға аудан әкімінің орынбасары Берік Бегалиев те қатысып, өзінің жетекшілігіндегі салада осындай игі істер, жаңа басталамалар қолға алынып жатқанына ризашылығын білдірді. Ол ауруды анықтап, емдеп қана қоймай, оңалту емін алғаны тездетіп азаматтардың қатарға қосылуына септігін тигізетінін айтты.